«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» МАҚАЛАСЫНА ОРАЙ ПІКІР
Тамырсыз тал болмайды,
Тарихсыз ел болмайды, - деп келетін мақал мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры » атты мақаласының бар мәнін ашып тұрғандай.
Біз бұл мақаланы оқи отыра Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығына, бабаларымыздың батырлығына тағы бір мәрте қанықтық.
Бұл мақалада ертегідей ескі заманның өзінде даланың дүлділі сәйгүлікті қолға үйретіп, адамзат баласына атқа міну мәдениетін қалыптастырып, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, дала заңына бас ұрған данышпан қазақ екені тайға таңба басқандай болып көрінеді. Даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық деп білеміз.
Ендігі осы бай тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғыртып, өшкенімізді қайта жағу жолында «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасының маңызы айтпаса да белгілі. Себебі ұлтымыздың ұлылығын дәлелдейтін деректер мен тарихи тың материалдар шаң басқан архивтермен ұлы тұлғалардың еңбектерінде екені ақиқат. Міне, осы орайда мемлекет басшысының ұсынып отырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» және «Ұлы Дала тұлғалары» сынды жобаларды мақалада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру жолындағы атқаратын рөлін ерекше деп, санауға болады.
Сонымен қатар мақалада айтылған адамзаттың ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабиді өмірге әкелген орны бөлек Отырар, Қожа Ахмет Яссауи ілім алған Түркістан қалаларын тарих сахнасында қайта жаңғыртып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы негізінде бейбітшіліктің символына айналған ажарлы Астанамыз түркі тілдес халықтарының ортақ үйіне айналары айдан анық.
Біз бұл мақалаға көз сала отырып, қарға тамырлы қазақтың ғана емес, түбі түркі дүниесінің тарихын түгендеген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевты түркі тілдес халықтарының көш басшысы ретінде таныдық.
Аталған мақалада жоғары айтылған тарихи тың деректер мен архивтерден табылған құнды құжаттар ұлттық сарындағы жаңа деректі және көркем фильмдердің сценарийлеріне арқау болатыны айтылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа еңбегі "Ұлы даланың 7 қыры" мақаласында қазақстандықтардың санасының тарихи өзгеруінің егжей-тегжейін ашып, жақын арада маңызды форумдар өткізілетіні туралы айтылған. Мақаланың өзі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Онда таяу арада жүзеге асырылатын негізгі міндеттер айтылды. Мақала тарихи құжат деп аталды, мемлекет басшысы «Архив-2025» жеті жылдық жобасын құруды ұсынады және барлық отандық және шетелдік мұрағаттардың бүгінгі күнге дейінгі күрделі зерттеулері болуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекет басшысы еліміздің барлық өңірлерінде мектептер мен өлкетану мұражайлары жанынан тарихи археологиялық қозғалыс құруды ұсынды. Өйткені, қазақстандықтардың ұлттық тарихқа деген құштарлықтарын қалыптастырады деп қорытындылады. Ұлы адамдардың ұлы есімдері – мақаланың тағы бір бағыты. Қазақстандықтар әрқашан өз ата-бабаларының жадын есте сақтап, құрметтеуге тиіс. Мысалы, Әл-фараби, Яссауи, Тәуке хан, Кенесары хан, Абай сияқты өзіміздің ұлы тұлғаларымызды, ғұламаларымызды ешқашанда ұмытуға болмайды.Қазіргі таңда ұлы ғұламалардың еңбектерің насихаттап, болашақ ұрпаққа үйретіп, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыруымыз керек.
Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы»,- дей отыра Елбасымыз түркі халықтарының жәдігерлері үшін түркі халықтарының күнін өткізуді ұсынып отыр. Бұл ойды біз де құптаймыз, себебі «ел болам десең, бесігіңді түзе»,- дейді дана халқымыз. Біз ешқашанда өз тарихымызды ұмытпауға міндеттіміз.
Қорыта келгенде, ұлттық санасы жаңғырып, рухани жаңғыру жолында тарихын түгендеп, атына қайта мінген қазақтың кеудесін ешкім баса алмайды.
Өз ойымызды ел басының «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе болған жоқ»,-деген сөзімен аяқтап, және болашақта ұлт тарихында ұялатын еш нәрсе болмайтынына сенім білдіргіміз келеді.
СҚО Айыртау ауданы
Саумалкөл №1 орта мектебінің ұжымы